Бүгін, 28 қаңтарда, Астанада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен үкіметтің кеңейтілген отырысында салықтық әкімшілікті күшейту маңызын баса айтты, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин салықтық әкімшілікті күшейту арқылы бюджет табысын 5-7 триллион теңгеге арттыруды жоспарлап отыр.
Ұсынылған реформалар туралы тәуелсіз қаржылық сарапшы Андрей Чеботарев пікір білдірді.
FINANCE.kz арнасы ұсынған сарапшы пікірін назарыңызға ұсынамыз.
«Бірінші. Реформаны бұрын жүргізу керек еді.
Коммуникация жағынан бұл процесс мүлдем дұрыс ұйымдастырылмаған. Мен үш жылдан бері еліміздегі төмен салық мөлшерлемелерінің жақын арада көтерілуі мүмкін екенін айтып келемін. Алайда, қазіргі де, бұрынғы да үкімет бұл мәселені көтермей келді. Енді, бюджеттегі «қара тесік» айқын болған кезде, таңдаудың қалмағаны анық.
Екінші. Салық мөлшерлемесін күрт көтеру және шекті мөлшерді төмендету қаншалықты орынды?
Бұл жерде белгілі бір логика бар. Әрине, бұл инфляциялық шок тудырады, бірақ ол бір сәттік сипатқа ие болып, тез бәсеңдейді. Ал егер мөлшерлемені кезең-кезеңімен бірнеше жылға созып көтеретін болсақ, жинақталған инфляция көлемі жоғары болуы мүмкін, себебі бизнес бастапқыда-ақ бағаға үлкен пайыздық өсімді қосып отырады. Сонымен қатар, жоғары инфляция ұзақ уақытқа созылып кетуі ықтимал.
Үшінші. Шекті мөлшерлерді төмендету бизнесті көлеңкеден шығара ала ма?
Көптеген пікірлерге қарамастан, бұл жағдай көлеңкелі экономиканы азайтуы мүмкін. Себебі, бөлшектеу (дробление) арқылы көлеңкеге өтіп кеткен бизнес түрлері қазірдің өзінде байқалып отыр – мысалы, ресторандарда, дәріханаларда және дүкендерде бөлек-бөлек кассалар орнатылған. Жаңа шарттар кейбір кәсіпкерлерді көлеңкеге кетуге итермелеуі мүмкін, бірақ төменгі шекті мөлшерлер мен жоғары деңгейдегі цифрландырудың арқасында бұл әрекеттерді жасыру қиын болады.
Төртінші. Басқа жол бар ма?
Әрине! Біз Ұлттық қордың қаражатын пайдаланып, қарызға өмір сүре аламыз. Бұл тәжірибеде әлемнің көптеген дамыған елдері қолданып жүрген әдіс. Ұлттық қордың қаржысы шамамен 10-15 жылға жетеді, ал төменгі мемлекеттік қарыз деңгейінің арқасында тағы 10-15 жыл қарыз алып күн көруге болады. Осылайша, біз 20-30 жыл бойы қазіргі төмен салықтық жүйені сақтап, жергілікті және шетелдік бизнеске қолдау көрсете аламыз.
Бесінші. Шынымен басқа амал жоқ па?
Біз дәл қазір екі таңдаудың арасында тұрмыз: барлығын сол күйінде қалдырып, тарифтер мен салықтарды ұстап тұру арқылы болашақ ұрпақтың және сыртқы қарыздардың есебінен өмір сүру. Немесе салықтар мен тарифтерді арттыру. Мұны бұрын және кезең-кезеңімен іске асыру әлдеқайда тиімді болар еді. Сонымен қатар, халыққа бұл шаралардың мәнін түсіндіріп, қажеттілігін жеткізу керек еді. Бірақ бізде «өзімізге тән ерекше жол» бар сияқты.
Алтыншы. Салықты ешкім де жақсы көрмейді.
Әлемнің ешбір елінде бизнес те, халық та салық төлеуді ұнатпайды. Кез келген елдің азаматы салық мөлшерін жоғары деп санайды және оны азайтқысы келеді», – дейді сарапшы.
Фото: Ольга Ибраева, Orda.kz