2025 жылғы 28 қаңтарда Атырау қаласындағы «Beer House Villa» мекемесінде прокуратура қызметкері Асқар Жанысбаев пен Атырау облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Айдын Сауданбеков және оның орынбасары Алиб Багитжанов арасында төбелес орын алды, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Багитжанов алған жарақаттарының салдарынан комаға түсті. Ол облыстық ауруханаға шұғыл түрде жатқызылды.
HALYQSTAN тілшісінің мәліметінше, аталған шенеуніктер оқиға болған кезде мас күйінде болған. Куәгерлердің айтуынша, оқиғадан кейін Жанысбаев пен Сауданбеков жеке бөлмеден шығып кетіп, Багитжановты ауыр халде жалғыз қалдырған. Тек біраз уақыттан кейін мекеме қызметкерлері жағдайды біліп, жедел жәрдем шақырған.
Атырау облысының полиция департаменті бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді:
«Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерінің дене жарақатын алуы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Оқиғаға прокуратура қызметкерлерінің қатысы бар-жоғын анықтау мақсатында Бас көлік прокуратурасы қызметтік тексеру жүргізіп жатыр.»
Аталған оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Фото: Orda.kz