Сенат депутаты зираттарды жеке меншікке беруге қарсылық білдірді, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Депутат Андрей Лукин жерлеу қызметтері бәсекелестік ортаға берілсе, осы саланы монополияға айналып кетуі мүмкін дейді. Сондай-ақ, алаяқтық әрекеттер көбейіп, жер учаскелері заңсыз берілуі ықтимал.
Осы орайда ол Астана қаласындағы жағдайды мысалға келтірді.
«Қазіргі кезде Астанада жерлеудің құны республика бойынша ең төмен болып тұр. Бірақ жекешелендіруден кейін жеке меншік компаниялар бағаны көтере бастайды. Оны бәріміз жақсы түсінеміз. Мысалы, COVID-19 пандемиясы кезінде жеке меншік компаниялар бір адамды жерлеу үшін 1 миллион теңгеге дейін сұраған. Ал мемлекеттік құрылымдар қолжетімді бағаны ұсынып отырды», — деді сенатор.
Оның сөзінше, «егер зираттар коммерциялық ортаға берілсе, VIP-зираттар көбейеді».
Сондай-ақ сенатор негізгі жерлеу қызметтерінің шекті бағасын белгілеуді сұрады.