20 оқ-дәрі үшін ол 400 000 теңге алмақ болған, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Шымкент гарнизонының әскери сотында Оңтүстік аймақтағы әскери бөлімдердің бірінің қару-жарақ қоймасының бұрынғы бастығы, 30 жастағы Бақыт Еркебуланға қатысты қылмыстық іс қаралып, аяқталды. Б. Еркебулан Қылмыстық кодекстің 287-бабы 3-бөлігі және 291-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша оқ-дәрілерді заңсыз иемдену, өткізу, сақтау, тасымалдау және қызмет бабын пайдаланып ұрлау баптарымен айыпталды.
RATEL мәліметінше, Еркебулан өткен жылдың 22 қарашасында түрлі калибрлі 20 патронды 400 000 теңгеге сатпақ болған сәтінде қолға түсті.
Тергеу барысында айыпталушының келісімшарт негізінде қарулы күштерде қызмет еткені және жарты жыл бұрын қару-жарақ қоймасының аға қоймашысы болып тағайындалғаны анықталды. Ол қоймадағы 5 дана 7,62 мм ЛПС (жеңіл оқ), 5 дана 7,62 мм Т-46 (трассирлік оқ) және 10 дана 5,45 мм ПС (суррогаттық оқ) патрондарын жасырын түрде ұрлап, оларды әскери бөлімшенің аумағынан тысқары шығарып, сатып алушы іздеген. Ақыры оған «Калашников» автоматына арналған оқ-дәрілерді алғысы келетін «аңшы» жолыққан. Бірақ бұл «аңшы» шын мәнінде ҰҚК қызметкері болып шықты.
Айыпталушының айтуынша, қару-жарақ қоймасындағы түгендеу кезінде 20 патронның артық екені анықталған. Бұл оқ-дәрілер оқу-жаттығу кезінде үнемделген болуы мүмкін. Бірақ есеп-қисапта сәйкессіздік болмас үшін қоймашы оларды пайдаланылған гильзалар ретінде тіркеп, кейін ұрлап кеткен.
Сотта Еркебулан өз кінәсін толық мойындады. Әскери сот айыптаудың екі бабын да дәлелденді деп танып, жеңіл жаза қатаң жазаға сіңіріледі деген қағида бойынша оны шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ, ол сержант әскери атағынан айырылды, сот шығындарын өтеп, жәбірленушілерге өтемақы қорына 77 мың теңге көлемінде төлем жасауға міндеттелді. Бірақ оның апелляциялық шағым беру құқығы бар.
Фото: depositphotos.com