АҚШ Алматыда 49 жылға жерді 25 млн долларға жалға алады, деп хабарлайды kaztoday.kz.
Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен АҚШ арасындағы келісімді ратификациялады. Бұл келісімге сәйкес, АҚШ үкіметіне Алматыда консулдық салу үшін жер телімі беріледі. Құжат 2024 жылдың 27 қыркүйегінде Нью-Йоркте қол қойылған.
Жалға берілетін жер телімінің аумағы – 70 593 шаршы метр, ал жалға алу мерзімі – 49 жыл. АҚШ тарапы жалдау ақысын 25,3 миллион доллар көлемінде бір реттік төлем ретінде келісім күшіне енгеннен кейін 30 күн ішінде төлеуі тиіс. Сонымен қатар, америкалық тарап салықтар мен басқа да алымдардан босатылады, жалға алу ақысынан басқа. Алайда, консулдықтың құрылысы, оны күтіп-ұстау және жөндеу жұмыстары, сондай-ақ коммуналдық қызметтердің төлемі АҚШ тарапынан жүзеге асырылады.
Бас мердігер – америкалық компания болады, ол АҚШ-та өндірілген құрылыс материалдары мен тауарларды пайдалана алады. Бұл тауарлар кедендік баждардан, импорт салығынан және рұқсат беру талаптарынан босатылады.