Келісімшарт талаптарының орындалмауына байланысты Қостанай облысының экономикалық соты облыс әкімдігінің цифрландыру басқармасының «Көркем Телеком» ЖШС-мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) туралы келісімшартты бұзу туралы талабын қарады, деп хабарлайды kaztoday.kz.
Аталған компания – «Сергек» жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын бейнебақылау жүйесінің операторы.
Келісімшарттың бұзылуына техникалық талаптардың орындалмауы себеп болған.
МЖӘ келісімшарты 2023 жылғы қыркүйекте цифрландыру басқармасы, полиция департаменті және «Көркем Телеком» ЖШС арасында жасалған болатын. Шартқа сәйкес, жеке әріптес «Сергек» жүйесі арқылы тіркелген деректерді тиісті органдарға тапсыруы тиіс еді.
Алайда, Қостанай қаласына орнатылған камералар «Сергек 2.1» деп аталатын сертификатталған үлгіден өзгеше екені анықталған. Бұл жағдай келісімшартты бұзуға негіз болған.
«Жеке әріптес орнатылған жабдықтың келісімшарт талаптарына сәйкестігін дәлелдей алмады», — делінген сот шешімінде.
«Көркем Телеком» компаниясы Sergek Group компаниясының негізін қалаушылар – Қайрат және Асет Ахметовтерге және олардың серіктестеріне тиесілі. 2022 жылдың соңында аталмыш компанияға Freedom тобы (Тимур Турлов) ірі инвестор ретінде қосылып, Sergek компаниясындағы едәуір үлеске ие болуға мүмкіндік алған.
2025 жылғы наурызда Ақорда Абу-Дабиден келген араб компаниясы — Presight AI-мен елордада бірлесіп жұмыс істеуді бастағанын хабарлады. Яғни, алдағы уақытта астаналықтарды «Абу-Дабиден келген үлкен аға» бақылайтын болады.
Дереккөз: «Орда»