Бұл туралы Мәжіліс отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды kaztoday.kz.
Оның айтуынша, қосылған құн салығының (ҚҚС) шегін 40 миллион теңге деңгейінде белгілеу ұсынылып отыр.
– Бұл – біз қол жеткізген ымыра. Алайда бұл шешімнің нәтижесінде 160 мың жаңа салық төлеушіден айырылып отырмыз. Сонымен қатар, 400 млрд теңге көлеміндегі қосымша түсімді жинай алмай қаламыз. Бұл арқылы біздің кәсіпкерлер үкімет пен парламенттің осындай ымыраға баруға дайын екенін түсінеді, – деді Жұманғарин Мәжіліс отырысында.
Сондай-ақ, министр салық жеңілдіктері қарастырылған арнайы режимдердің санын жетіден үшке дейін қысқарту жоспарланып отырғанын айтты.
Қазақстанда жеңілдетілген салық режимі ретінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін режим, оңайлатылған декларация негізіндегі режим және шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнайы салық режимі қалдырылмақ.
«Роскошь салығына» келсек, егер жылжымайтын мүлік құны 450 миллион теңгеден асса, оған салынатын салық мөлшерлемесін арттыру ұсынылуда. Автокөліктер үшін бұл шек – 75 миллион теңге. Сонымен қатар, яхталар, ұшақтар, қымбат алкоголь өнімдері мен сигаралар да «назарға алынатын» болады.
Дереккөз: @ztb_qaz