Биыл жыл басынан бері терроризмді насихаттағаны үшін 34 адам сотталды, деп хабарлайды kaztoday.kz.
Ақтөбе соты Ақтөбе облысының тұрғынын лаңкестер жағында соғысуға үгіттегені және ірі қару-жарақ арсеналын сақтағаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айырды. Тексеру кезінде одан екі автомат, сегіз тапанша, сегіз мылтық, үш кесілген мылтық, алты рация, түтін шашкалары, граната және 500-ден астам оқ-дәрі табылған. Ол өзгелерді үгіттеп қана қоймай, өзі де содырларға қосылмақ болған.
Сол мерзімге Қаскелең тұрғыны да сотталды. Ол ел ішінде лаңкестік топ құрмақ болған. Радикалды идеологияны таратып, терактілерге дайындалу үшін жақтастарын вербовка жасаған.
ҰҚК-нің мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанда терроризм мен экстремизм істері бойынша 34 адам сотталған, олардың екеуі — шетел азаматы. Тағы 23 іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Дереккөз: Tengrinews.kz.