Азық-түлік бағасы тағы қымбаттады. Сауда және интеграция министрлігі кейбір тауарлардың бағасы өсіп, маусымдық тұрақсыздық байқалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kaztoday.kz
Қазіргі таңда бағаны тұрақтандыру үшін бірқатар шаралар қолға алынған.
Министрліктің мәліметінше, 2025 жылғы 27 мамырдағы жағдай бойынша, алдыңғы аптамен салыстырғанда:
Бағасы арзандаған өнімдер:
-
Қырыққабат – 3,4%-ға,
-
Жұмыртқа – 0,7%-ға,
-
Қарақұмық, макарон, күнбағыс майы – 0,1-0,2%-ға.
Бағасы тұрақты қалған өнімдер:
-
Нан мен күріш.
Бағасы қымбаттаған өнімдер:
-
Сәбіз – 4,2%-ға,
-
Картоп – 2,8%-ға,
-
Пияз – 2,5%-ға,
-
Тұз – 1,6%-ға,
-
Сүзбе – 0,8%-ға,
-
Сүт пен қант – 0,3%-ға,
-
Май, сиыр еті, тауық еті – 0,2%-ға,
-
Ұн мен айран – 0,1%-ға.
Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы орта есеппен 6,8%-ға өскен.
Бағаны тұрақтандыру шаралары
Министрлік баға тұрақтылығын сақтау мақсатында бірқатар жедел шаралар қабылдағанын мәлімдеді. Атап айтқанда:
-
Қытай, Пәкістан және Өзбекстаннан ерте пісетін көкөністер жеткізілуде.
-
«ҚТЖ Экспресс» АҚ арқылы Астанаға 50 рефрижератор контейнер картоп жеткізіліп, түсіріліп жатыр.
-
Ішкі нарықты толықтыру үшін қосымша 45 мың тонна картоп пен 4 мың тонна қырыққабат импортталды.
-
Түркістан облысында қырыққабат жинау жалғасып, ерте картоптың егістіктен сатып алу бағасы 280–350 теңге аралығында белгіленді.
Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық комиссия 2025 жылғы 30 маусымға дейін 150 мың тоннаға дейін картопты баж салығынсыз импорттауға рұқсат берді. Бұл шара маусымдық баға өсімін тежеуге бағытталған.
Экспортқа уақытша шектеулер
Ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін бірнеше шектеу енгізілген:
-
28 қаңтардан бастап 6 айға картоп экспортына,
-
10 сәуірден бастап 6 айға ірі және ұсақ малдың аналық басына,
-
25 сәуірден бастап 3 айға ірі қара бұқашықтарын экспорттауға тыйым салынды.
Министрліктің мәлімдеуінше, бұл шектеулер отандық нарықтағы өнім ұсынысының тұрақтылығына оң әсер етеді.