Әкімдер әскери басшыға айнала ма?: Аумақтық қорғаныс туралы Президенттің жабық жарлығы дайындалды, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Сенат екі оқылымда аумақтық қорғаныс мәселелеріне қатысты заңға өзгерістерді қабылдады. Құжатта Қорғаныс министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар – әкімдердің арасындағы өкілеттік пен жауапкершілік нақты бөлінген.
Жаңа заңнамаға сәйкес, Қорғаныс министрлігі қорғаныс ережелерін бекіту, стратегиялық маңызды нысандарды таңдау, әскерді материалдық-техникалық жабдықтау және жалпы бақылау жүргізу міндетін өз мойнына алады. Ал облыс, қала және аудан әкімдері өз өңірінде аумақтық қорғаныс басшысы ретінде тағайындалып, оның ұйымдастырылуы мен үйлестірілуіне толық жауап береді.
Заң жобасын талқылау барысында сенатор Марат Қожаев басқару жүйесіндегі жауапкершілік пен есептіліктің нақты құрылымына қатысты сұрақ қойды:
«Басқару мен есеп беру тетігі қалай құрылады? Әкім мен Қорғаныс министрлігінің міндеттері мен өкілеттіктерін нақты айқындайтын, қайталаулар мен басқарудағы бос орындарды болдырмайтын қосалқы құқықтық акт қабылдана ма?» – деп сауал жолдады сенатор.
Оған жауап берген Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Камалетдинов аумақтық қорғаныс жүйесін ұйымдастыруға байланысты Президенттің жабық жарлығы әзірленіп қойғанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл құжатта Қорғаныс министрлігі мен әкімдіктер арасындағы жауапкершілікті бөлу тәртібі нақты көрсетілген.
Заң қабылданғаннан кейін қосымша нормативтік актілер дайындалып, функциялардың қайталануына жол берілмейді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жақында сөйлеген сөзінде қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстан үшін басты басымдық – ұлттық мүддені қорғау екенін атап өткен болатын.