Қостанай облысында шегіртке тасжолды басып қалды, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Қостанай облысында Торғай – Шилі – Милысай тасжолының бір бөлігін үйірлі шегірткелер басып қалғаны туралы хабар тарады. Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбаларда жәндіктердің жол бойында қаптап жүргені көрінеді. Видеоны түсірген тұрғындар шегірткелер көлік қозғалысына қауіп төндіріп жатқанын айтып дабыл қақты.
Ауа райы шегірткенің көбеюіне әсер етуде
Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Қостанай облыстық аумақтық инспекциясы бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Мамандардың айтуынша, ауа райының қолайсыздығына байланысты шегірткелердің көбеюі біркелкі емес жүріп жатыр.
– Үйірлі көкқасқа шегірткелер күн көзі түсетін жылылау ашық алаңдар мен жолдарға жиналады, – делінген ведомство мәліметінде.
Химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр
Инспекция өкілдері шегірткелердің таралуына қарсы күрес мақсатында арнайы аэрозольді газ генераторлары мен аса жеңіл ұшақтардың көмегімен химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Жангелдин ауданында барлығы 124,8 мың гектар жер зерттелсе, оның 86,8 мың гектары өңдеуге жатады. Бүгінгі таңда 78,8 мың гектар аумақта өңдеу жұмыстары аяқталған. Зерттеу жұмыстарына 69 адам мен 15 арнайы техника жұмылдырылған.
Жедел штаб құрылды
Аудан әкімінің орынбасары төрағалық ететін арнайы жедел штаб құрылған. Бұл штаб өңірдегі шегірткеге қарсы шараларды үйлестірумен айналысады.
Жоспарлы жұмыстарға не кедергі?
Алайда мамандардың айтуынша, соңғы күндері ауа райының қолайсыздығы – күшті жел мен жауын-шашын – жоспарланған жұмыстардың уақытылы жүргізілуіне кедергі келтіруде. Бұл фактор өсімдіктерді қорғау құралдарының тиімділігіне кері әсерін тигізіп, қауіпсіздік талаптарын толық сақтауға мүмкіндік бермей отырған көрінеді.