Алматыда бопсалаушылар тобы ұсталды. Олар шетелдік азаматты ұрып-соғып, 5 миллион теңгесін тартып алған, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Алматы қаласында ірі арнайы операция барысында бопсалаумен айналысты деген күдікпен қылмыстық топ ұсталды. ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, операцияны 3 маусым күні Алматы қалалық Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы (УБОП) Ұлттық қауіпсіздік комитеті және прокуратурамен бірлесіп жүргізген.
Тергеу дерегіне сүйенсек, күдіктілер шетелдік азаматты ұрып-соғып, оған күш көрсетіп, қорқыту арқылы шамамен 5 миллион теңге көлеміндегі қаражатын тартып алған. Сондай-ақ оны заңсыз ұстау фактісі бойынша да тергеу жүргізілуде.
Операция барысында күдіктілерден 7 дана атыс және суық қару, оқ-дәрілер, сондай-ақ есірткі заттары тәркіленді. Барлық айғақ заттар қылмыстық іс материалдарына тіркелді.
Қазіргі таңда аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасуда.