Иран мен Израильде қалған қазақстандықтардың нақты саны белгілі болды, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте Иран мен Израильде жүрген қазақстандықтардың саны туралы толық мәлімет берілді. Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, қазіргі таңда Ираннан 230, ал Израильден 66 қазақстандық эвакуацияланған.
Сондай-ақ, Иранда Қазақстан азаматтығын иеленген шамамен 50 адам қалғаны хабарланды. Айбек Смадияров олардың басым бөлігі сол елде жұмыс істейтін қызметкерлер екенін атап өтті. Сонымен бірге, бұл тізімге Иранда тұратын этникалық қазақтар кірмейді, тек Қазақстан азаматтары есепке алынған.
Израильде қазір шамамен 170 қазақстандық бар. Олардың көпшілігі елден әуежайлар арқылы шығып кету мүмкіндігіне ие екенін, алайда елшіліктің қолдау көрсетуге әзір екенін министрлік растады.
«Қазақстандықтарды эвакуациялау оңай процесс емес. Мысалы, Израильден оларды автобуспен Мысырға жеткізіп, одан әрі ұшақпен алып шықтық. Ал Ираннан бірнеше бағыт арқылы – Әзірбайжан, Түрікменстан және Армения арқылы эвакуация жүргізілді», — деді Сыртқы істер министрлігінің өкілі.
Министрлік Иран мен Израильде жүрген барлық қазақстандықтарға, әсіресе әлі елшіліктермен хабарласпағандарға өз жағдайларын айтып, қажетті көмек алу үшін байланысқа шығуға шақырды.