Антикор 2 млрд теңгеден астам заңсыз мүлікті тәркіледі, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2 миллиард теңгеден астам сомаға бағаланатын заңсыз алынған мүлікті мемлекет меншігіне тәркілеп, тағы бір ауқымды істі әшкереледі. Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген және ақшаны жылыстатуға күдікті тұлғаның қаражаты мен активтерінің қылмыстық жолмен алынғаны дәлелденген.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті заңсыз жолмен алынған 1,5 миллиард теңгеге жуық қаражатқа түрлі қымбат мүлік сатып алған. Оның ішінде Алматы қаласы мен Алматы облысындағы люкс санатындағы көліктер, элиталық пәтерлер, жер учаскелері, тұрғын үйлер мен құрылыстар бар. Бірқатар мүліктер күдіктінің жұбайының атына рәсімделген.
Қаржылық тергеу нәтижесінде күдікті мен оның жұбайының екінші деңгейлі банктердегі шоттарынан 1,7 млн АҚШ доллары (шамамен 872 млн теңге) және қосымша 47 млн теңге анықталған. Бұл қаражаттар да олардың ресми табыстарына сәйкес келмейді.
2025 жылғы 16 маусымда шыққан сот қаулысына сәйкес, аталған ақшалай қаражат пен мүлік нысандары мемлекет кірісіне тәркіленді.
Антикордың мәліметінше, жыл басынан бері заңсыз жолмен алынған ақша мен мүлікті жылыстату деректері бойынша 30-ға жуық қылмыстық іс тіркелген. Оның бір бөлігі бойынша сот үкімдері шығып үлгерді.
Сондай-ақ Антикор тергеу жүргізіп жатқан істердің қатарында спортты дамытуға арналған бюджет қаражатын жымқыру дерегі де бар. Тергеу материалдарына сәйкес, бұрынғы лауазымды тұлға 745 млн теңгені жымқырып, сол қаржыға екі қымбат автокөлік сатып алып, 240 млн теңгеден астам қаражатты өзі бақылайтын компанияның шотына аударған.
Тағы бір қылмыстық істе күдіктілер туыстары арқылы 237 млн теңгеден астам бюджет қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырып, пәтерлер мен автокөліктер сатып алғаны белгілі болды. Барлық мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды.
Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге ақпараттар жарияланбайды.