Бір үйде ұйықтап жатқан 4 баланың қасында газ плитасы өртенді, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Бүгін Жезқазған қаласында Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары шұғыл әрекет етіп, түтінге толған пәтерден төрт бірдей баланы аман алып шықты. Оқиға балалардың ата-анасыз қалған сәтінде болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың анасы емханаға анализ тапсыруға кеткен. Сол уақытта үйде 2 мен 13 жас аралығындағы төрт бала ұйықтап жатқан. Алайда күтпеген жағдай орын алып, балалардың бірі оянып, сенсорлы электр плитаны байқамай қосып жіберген.
Бала ойыншық салынған пластик ыдысты плитаның үстіне қойған. Қатты қызудан пластик еріп, қою түтін пәтер ішін түгел жайлаған. Түтіннің таралуын байқаған көршілер дереу құтқару қызметіне хабар берген.
Жедел жеткен төтенше жағдайлар қызметі балаларды қауіпсіз жерге шығарып үлгерді. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Балалар медициналық тексеруден өтті, денсаулықтарына қауіп төніп тұрған жоқ.
Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарға маңызды ескерту жасады:
«Кішкентай балаларды үйде жалғыз қалдырмаңыздар. Электр құралдарына сақтықпен қарау — қауіпсіздіктің басты шарты. Осындай жағдайлардан кейін өкініп қалмас үшін алдын ала қам жасаған жөн», – деді ведомство өкілдері.