Алматыда екі адамды пойыз қағып, ажал құшты, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
“Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының ресми мәліметінше, оқиға Аксенгер мен Бурундай бекеттерінің арасындағы теміржол бөлігінде болған. Пойыз машинисі жолда тұрған адамдарды байқап, дереу шұғыл тежеу жүйесін іске қосқан. Алайда пойыздың қашықтығы тым аз болғандықтан, соқтығыстың алдын алу мүмкін болмаған.
«Локомотив тарапынан дабыл берілгенімен, азаматтар оған ешқандай реакция білдірмеген. Өкінішке қарай, оқиғаның алдын алу мүмкін болмады», – делінген “Қазақстан темір жолы” таратқан ресми ақпаратта.
Қайғылы жағдай туралы Алматы-1 стансасындағы желілік полиция бөліміне шұғыл түрде хабар берілген. Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу жүргізілуде.