Астанада белгісіз біреулер LRT вагондарының сыртына сурет салып кеткен, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Астанада биыл күзде іске қосылады деп жоспарланған жеңіл рельсті көлік (LRT) желісіне тиесілі жаңа вагондарға белгісіз біреулер граффити салып кеткен. Бұл туралы Telegram желісіндегі «Астана — Что? Где? Когда?» арнасы хабарлап, вандализм іздері бар вагондардың фотосуреттерін жариялады.
Мәліметті «Қалалық көлік жүйелері» компаниясы растады. Олардың айтуынша, вандалдар вагондардың сыртына бояумен сурет салып кеткен. Қазір бұл оқиғаға қатысты құқық қорғау органдары тергеу жүргізуде, факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Вагондар арнайы қорғаныс қабатымен қапталғанын атап өткен жөн, сондықтан бояу негізгі лакпен боялған қабатқа сіңбейді», — дейді компания өкілдері.
Құқық қорғау органдары қазір вандализмге қатысты күдіктілерді анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, Астанадағы LRT жобасы бірнеше жыл бойы тоқтап тұрған болатын. Биыл күзде алғашқы бағыт іске қосылады деп күтілуде.