Қызылорда облыстық балалар ауруханасына екі жасар бала бөгде дене жұтып қою жағдайымен жеткізілді. Кезекші дәрігерлер баланы дереу қарап, іш қуысына рентген түсіргенде – шуруп (бұранда) анықталды.
Балаға шұғыл түрде ФЭГДС (эндоскопиялық тексеру) жасалды. Алайда шуруп он екі елі ішектің төменгі бөлігіне өтіп кеткендіктен, эндоскоп арқылы алу мүмкін болмады.
Дәрігерлер консилиум өткізіп, операциялық жолмен бөгде денені сәтті алып шықты. Ота сәтті өтті, операциядан кейінгі кезең де асқынусыз өтті. Қазір балақайдың жағдайы жақсы, бүгін ол үйіне аман-есен шығарылды.
Дәрігерлер ата-аналарға маңызды ескерту жасайды:
> «Балалардың өмірінің алғашқы жылдарында айналадағы заттарды аузына салып көру — олардың табиғи даму кезеңіне тән мінез-құлық. Алайда дәл осы әдет кейде қауіпті жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан ұсақ заттарды, бұрандалар мен түймелерді, моншақ пен тиындарды балалардың қолы жетпейтін жерге қою қажет», — дейді облыстық балалар ауруханасының мамандары.
Бұл оқиға дәрігерлердің жылдам әрекетінің және кәсіби шеберлігінің арқасында жақсы аяқталды. Дегенмен, мамандар ата-аналарды мұқият болуға шақырады — бір сәттік бейқамдық үлкен қауіпке айналуы мүмкін!
