Қазақстанда мектеп оқушыларының телефон қолдануына қатысты талаптарды қатаңдату ұсынылды. Бұл өзгеріс педагог мәртебесі мен білім беру мәселелеріне арналған заң жобасы шеңберінде қарастырылып отыр.
Жоспарланған түзетуге сәйкес, “Білім туралы” заңның 47-бабына толықтыру енгізіліп, орта білім беру ұйымдарында оқушылардың ұялы байланыс құрылғыларын пайдалануына шектеу қойылады. Тыйым тек сабақ кезінде ғана емес, үзіліс уақытын да қамтиды.
Құжатта оқу процесі барысында білім алушылардың телефон қолдануына жол берілмейтіні, ал ерекше жағдайлар уәкілетті орган бекіткен арнайы қағидалармен реттелетіні көрсетілген.
Мамандардың айтуынша, бұл қадам:
кибербуллингтің алдын алуға
зиянды контенттің әсерін азайтуға
мектеп ішіндегі тәртіп пен қауіпсіздікті күшейтуге
балалардың бір-бірімен тікелей қарым-қатынасын арттыруға мүмкіндік береді
Түзету қабылданған жағдайда, мектеп аумағында смартфон пайдалану тек рұқсат етілген ерекше жағдайларда ғана мүмкін болады.
