Қызылорда қаласына қарасты Сабалақ елді мекеніне көгілдір отын қосылды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, мәслихат депутаттары және қоғам өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы тұрғындарды көптен күткен игілікпен құттықтап, соңғы жылдары өңірде инфрақұрылым қарқынды дамып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ауылды газдандыру халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әлеуметтік жағдайына оң әсер етеді.
Жоба аясында Сабалаққа 3,2 млрд теңге қаржыға газ желісі тартылып, 1 694 үй көгілдір отынға қосылады.
Сабалақ саяжайы бұған дейін қала аумағына енгізіліп, инженерлік инфрақұрылым кезең-кезеңімен жүргізілген. Соңғы төрт жылда мұнда 22 шақырым ауыз су магистралі тартылып, су мұнарасы орнатылған, электр желілері жүргізіліп, 20-ға жуық көше жөнделген.
Жалпы Қызылорда қаласында 80-ге жуық саяжай бар. Тығыз қоныстанған бірқатар аумаққа «тұрғын үй аймағы» мәртебесі беріліп, инженерлік желілер жеткізу жұмыстары жалғасады.
