Павлодарда полиция қызметкерлері жаңа туған сәбиді сату әрекетінің алдын алды. Күдікті — Түркістан облысының 23 жастағы тұрғыны.
Тергеу мәліметінше, әйел жүктілігінің соңғы кезеңінде әлеуметтік желілер арқылы болашақ сәбиін сатып алғысы келетін адамдарды іздеген. Жедел-іздестіру шаралары барысында оның заңсыз әрекеті әшкереленіп, барлық деректер құжатталды.
Әйел босанғаннан кейін небәрі үш күндік нәрестені 800 мың теңгеге бермек болған сәтінде қолға түсті. Полицияның жедел әрекетінің арқасында сәбиге төнуі мүмкін қауіптің алдын алу мүмкін болды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта жаңа туған қыз бала дәрігерлердің бақылауында. Дәрігерлер оның өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ екенін хабарлады.
Оқиға бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
