АЭС салу үшін қанша адам жұмысқа алынатыны белгілі болды, деп хабарлайды kaztoday.kz.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев АЭС салу кезінде қанша адам жұмыспен қамтылатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Үкімет отырысында «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндама барысында айтты.
«Атом электр стансасын салу жобасы бойынша 2030 жылға қарай 5 мыңға жуық адам, ал 2032 жылы құрылыстың шарықтау кезеңінде 10 мыңға жуық адам жұмыс орындарымен қамтамасыз етілетін болады. Пайдалану кезеңінде жоба кемінде 2 мың адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. Жаңа жобалардан басқа, жұмыс істеп тұрған ОЭК кәсіпорындарында 2025-2029 жылдар кезеңінде кадрларға жалпы қажеттілік қосымша 16 мыңға жуық жұмыс орнын құрайды», — деді Алмасадам Сәтқалиев.
Министр алдағы уақытта мұнай-газ саласында техникалық мамандықтар үшін 22 мыңға жуық жұмыс орны ашылатынын тілге тиек етті. Оның сөзінше, қазіргі күні республиканың отын-энергетикалық кешені саналатын 1671 кәсіпорында 303 мыңнан астам түрлі кәсіп қызметкерлері жұмыс істейді.