Қатыгездікпен адам өлтірген күдіктілер Ресейден экстрадицияланды, деп хабарлайды kaztoday.kz.
Қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстанның екі азаматы Ресейден экстрадицияланды. Олар былтыр қаңтар айында 3 адаммен бірлесіп, танысын өлтіруді жоспарлаған. Себеп — марқұммен жеке бас араздығының болуы.
Арам пиғылдарын жүзеге асырмақ болған күдіктілер тапанша, металл шыбықтар, биталармен қаруланып, қолғап пен маска киіп, түнде жәбірленушінің үйіне келген. Үйдің терезесін сындырып ішке кірген олар жәбірленушіні асқан қатыгездікпен ұрып-соғып, жарақаттаған. Үйіндегі басқа адамдарға да зиян келтірген. Таныстарының өлгеніне әбден көз жеткізген соң қашып кеткен.
Жәбірленуші ауыр дене жарақат салдарынан жедел жәрдем көлігінде қайтыс болған.
Көп ұзамай күдіктілердің екеуі ұсталып, жазаға тартылған. Ал қалған үшеуі елден қашып үлгеріп, оларға халықаралық іздеу жарияланған.
Былтыр мамыр айында сыбайластарының бірі көршілес елден экстрадицияланып, сотталды.
Қалған екі іздеудегі күдікті өткен жылдың шілдесінде Ресей Федерациясының Мәскеу облысында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Бүгінде күдіктілер тергеу изоляторына қамалды.
Оларға адам өлтіру, тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу және заңсыз қару айналымы үшін жасағаны үшін 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.