Қазақстан 2025 жылы Грузияға 80 мың тонна бидай экспорттауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды kaztoday.kz.
«Биыл Грузияға 80 мың тонна бидай экспорттау жөнінде келісімге келдік. Олардың жылдық тұтыну қажеттілігі 80-100 мың тонна көлемінде. Ал ет бойынша олардың сұранысына қарай, қажетті мөлшерде жеткізуге дайынбыз», – деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Министрдің айтуынша, 2024 жылы Қазақстан Грузияға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемін едәуір арттырды.
«Жалпы, 2024 жылды алатын болсақ, экспорт көлемі 71 миллион долларды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,3%-ға көп. 2023 жылы біз бұл елге бидай да, ет те экспорттаған жоқпыз. Қазақстандық жеткізілімдерге бидай, ұн өнімдері, макарон, кондитерлік өнімдер, сондай-ақ дәнді және майлы дақылдар кіреді», – деді Айдарбек Сапаров.
Ол 2024 жылдың соңында маңызды келісімдерге, оның ішінде Грузияға ет өнімдерін жеткізуге арналған ветеринарлық сертификатқа қол қойылғанын атап өтті.
Министрдің айтуынша, Қазақстан экспортталатын өнім түрлерін кеңейтуді көздейді.