Жүргізушіні тоқтатқан полицейлер өздері айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Оқиға Батыс Қазақстан облысында болған. Әлеуметтік желілерде таралған видеода Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісін полиция қызметкерлері тоқтатып, оған бірнеше ереже бұзғаны үшін айыппұл салған. Алайда жүргізуші олардың өздерін де жазалауға қол жеткізді. Бұл туралы «Мой город» басылымы хабарлайды.
Ер адам патрульдік көліктің алдыңғы әйнегі сынғанын байқап, қосымша полиция жасағын шақыртып, инспекторларды жауапқа тартуды талап еткен.
Тексеру барысында қызметтік автокөліктің техникалық ақаулары бар екені анықталды. Нәтижесінде айыппұлды тек жүргізуші ғана емес, полиция қызметкері де алды. Патрульдік көлік жөндеуге жіберілді.
«Мені бір патруль жазалады, ал мен патрульді әйнегі үшін жазалап тұрмын. Қызметкер қызметкерге хаттама толтыруда. Біздің полиция үшін ұят жағдай», — дейді жүргізуші.
Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті оқиғаның Кирсанов – Орал тас жолында болғанын растады.
Toyota Land Cruiser жүргізушісі бірнеше ереже бұзған: техникалық ақауы бар көлікті басқарған, жылдамдықты асырған, маневр жасау кезінде қателіктер жіберген және көлікті заңсыз қайта жабдықтаған.