Қазақстандық азамат 1 миллиард теңгенің марганец кенін заңсыз өндіріп, Ресейді қоса алғанда, сырт елдерге сатып отырған, деп хабарлайды kaztoday.kz.
Ұлытау облысында марганец кенін заңсыз өндіріп, оны шетелге сатып келген жергілікті тұрғынға қатысты сот үкімі шықты. Қара нарықта кен өндірумен айналысқан азамат мемлекетке 1 миллиард теңгеден астам залал келтірген.
Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) хабарлауынша, 2020 жылдан 2023 жылға дейін Ұлытау тұрғыны Атасу кенді ауданындағы ірі кен орны – Шығыс Қаражал карьерін заңсыз игерген. Оның қолында не лицензиясы, не келісімшарты болмаған. Соған қарамастан, үш жыл бойы кен өндіріп, 16 мың тоннадан астам марганецті сыртқа шығарып үлгерген. Мемлекетке келген шығын көлемі 1,1 миллиард теңгеден асады.
Қылмыстық әрекетін жасыру үшін ол жалған экспорттық келісімшарттар жасап, өндірілген марганецті Қазақстан ішінде де, Ресейге де сатқан. Осылайша, заңсыз жолмен 3,5 миллиард теңгеден астам табыс тапқан.
Алаяқтықты ҚМА-ның өңірлік департаменті әшкереледі. Заңсыз пайдалы қазбаларды игеруші 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар, оның шаруа қожалығы мен жалпы құны 97,8 миллион теңге болатын бес автокөлігі тәркіленді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, биыл ақпанда Қостанай облысында да қара старательдер өздерін фермер ретінде көрсетіп келгені белгілі болған.
Дереккөз: «Орда»
Фото: Envato