Алматыда жаңа туған сәбилерді сатумен айналысқан қылмыстық топ әшкереленді, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Алматыда арнайы операция барысында жаңа туған нәрестелерді сатқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Тергеу мәліметінше, күдіктілер әлеуметтік осал топтарға жататын аналардан сәбилерді сатып алып, кейін оларды қомақты қаржыға бала асырап алғысы келетін адамдарға сатумен айналысқан.
Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, кезекті сату кезінде күдіктілердің бірі ақша беру сәтінде ұсталды. Бұл оқиға — аталған топтың алғашқы әрекеті емес екені анықталып отыр.
«Бұл – бір реттік әрекет емес. Мұнда тұрақты, тіпті өңіраралық байланыстары бар тізбектің бар болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Барлық қатысы бар адамды анықтау жұмыстары жалғасуда. Балаларға, әсіресе жаңа туған сәбилерге қатысты заңсыз әрекеттер – бұл ерекше қатыгез және ауыр қылмыс. Мұндай әрбір дерек заң аясында әділ бағасын алады», – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Куатбек Науатов.
Құқық қорғау органдары барлық қатысы бар адамдарды анықтауға бағытталған кешенді шаралар жүргізіп жатқанын мәлімдеді.