Жетісу облысында жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырады: науқас көз жұмды, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Желіде Жетісу облысында болған жол-көлік оқиғасының видеосы тарағаннан кейін, облыстық денсаулық сақтау басқармасы ресми мәлімдеме жасады.
Ресми ақпаратқа сәйкес, жедел жәрдем көлігі 1938 жылы туған, ауыр халдегі науқасты ауруханаға жеткізіп бара жатқан. Қарт әйелдің жағдайы қант диабетінің асқынуына байланысты өте ауыр болған. Дәл осы сәтте жедел жәрдем көлігі жол апатына түсіп қалған.
«Науқас жансақтау бөліміне жатқызылды. Алайда дәрігерлер тарапынан көрсетілген барлық медициналық көмекке қарамастан, ол көз жұмды. Өлім жол апатынан алған жарақаттан емес, негізгі ауруының күрт асқынуынан болды», — делінген басқарманың ресми хабарламасында.
Жол апаты салдарынан жедел жәрдем көлігінің қызметкерлері орташа дәрежедегі жарақат алған. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.