«Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстандағы алғашқы суперкомпьютердің қаптамасын ашу сәтінен фото мен видеоматериал жариялады, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Оның айтуынша, заманауи құрылғыны іске қосу жұмыстарының соңғы кезеңі жүріп жатыр. Суперкомпьютер небәрі 10 күн ішінде іске қосылуы мүмкін.
Жаңа технология Алматы қаласындағы деректер орталығына орнатылады. Оның басты ерекшелігі — өнімділігі шамамен 2 экзафлопс. Бұл — аса күрделі есептеулерді жылдам орындай алатын қуатты құрылғы. Суперкомпьютер арнайы әзірленген NVIDIA H200 графикалық чиптерімен жабдықталған.
Бағдат Мусиннің айтуынша, суперкомпьютердің мүмкіндіктері көп саланы қамтиды:
-
Техногендік апаттар мен қатерлерді алдын ала модельдеу
-
Қалалардағы көлік қозғалысын болжау
-
Медициналық диагностиканы жеделдету
-
Үлкен тілдік модельдерді оқыту
Ең бастысы — бұл ресурстар баршаға қолжетімді болады деп жоспарлануда. Яғни, суперкомпьютер мүмкіндіктерін отандық ғалымдар, ІТ мамандар, медицина, көлік, қоршаған орта және өзге де салалардағы зерттеушілер қолдана алады.