Қазақстанда жүк және жолаушы тасымалдайтын көлік жүргізушілерінің еңбек режимін бақылау мақсатында «Тахограф» республикалық акциясы басталды. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Акция 2025 жылдың 20 маусымынан 20 шілдесіне дейін жалғасады. Шара аясында автобустар мен жүк көліктерінің жүргізушілері тахограф құрылғылары арқылы тексеріледі. Негізгі мақсат — жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жүргізушілердің шамадан тыс жұмыс істеуінің алдын алу.
Министрліктің мәліметінше, бір жүргізуші көлікті үздіксіз 4,5 сағаттан артық басқаруға болмайды. Осы уақыттан кейін кемінде 45 минуттық үзіліс жасау міндетті. Ал жалпы бір күндік жүргізу уақыты 9 сағаттан аспауы тиіс.
Қағидаға бағынбағандарға айыппұл қарастырылған:
-
Жүргізушілерге – 10 АЕК (2025 жылғы есеппен шамамен 36 800 теңге);
-
Тасымалдаушыларға – 5-тен 50 АЕК-ке дейін.
Тахографпен жабдықталуға тиіс көліктер тізімі:
-
Қауіпті жүктерді тасымалдайтын жүк көліктері;
-
Халықаралық жүк және жолаушы тасымалдайтын көліктер;
-
Қалааралық, облысаралық тұрақты және тұрақты емес бағыттарда қатынайтын автобустар.
Ведомство жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға және өз қауіпсіздігін ескеруге шақырды. Тексеру жұмыстары еліміздің барлық өңірлерінде жүргізіледі.