Соңғы жылдары елімізде шалғай өңірлердің инфрақұрылымын жаңарту, тұрғындарға сапалы медицина мен жайлы өмір сүру жағдайын жасау бағытында ауқымды жобалар қолға алынуда, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Ауыл – елдің алтын діңгегі. Ал сол ауылдың бүгінгі көрінісі – ертеңгі ұрпақтың болмысы. Соңғы жылдары елімізде шалғай өңірлердің инфрақұрылымын жаңарту, тұрғындарға сапалы медицина мен жайлы өмір сүру жағдайын жасау бағытында ауқымды жобалар қолға алынуда. Бұл тұрғыда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы да дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты.
Заманауи амбулаторияға жан бітіп келеді
Халық денсаулығы – мемлекет байлығы. Осы ұстанымды негізге алған бастамалардың бірі – Шиелі кентіндегі «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясының күрделі жөндеуден өтуі. 255 миллион теңге қаржы бөлінген бұл жоба бүгінде қарқынды жүзеге асуда. Құрылыс жұмыстарын «Жабдықтау» ЖШС атқаруда. Бұл жаңарту тек ғимараттың емес, халықтың медициналық қызметке деген сенімін де қайта түлетпек.
Жол – тіршіліктің күретамыры
«Жол – өмір желісі» дейді халық. Кенттің шығыс бөлігінде басталған жол және инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары – соның айқын көрінісі. Жалпы құны 312,5 млн теңгені құрайтын бұл жоба бірнеше кезеңмен жүзеге асырылуда. Бірінші кезеңге 211,8 млн, екінші кезеңге 17,5 млн, үшіншіге 107,4 млн, ал төртінші кезеңге 132,5 млн теңге бөлінген.
Тіршілік нәрі – таза су
Ауызсумен қамту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Сумен жабдықтауға арналған жобалар үш кезең бойынша жүргізілуде. Бірінші кезеңге – 193,2 млн, екіншіге – 99,7 млн, үшінші мен төртінші кезеңге – 130,1 млн теңге бөлінген. Бұл – тіршіліктің өзегіне айналған мәселені жүйелі шешуге бағытталған нақты қадам.
Байсынның болашағы бекем
Жаңатұрмыс ауылдық округіне қарасты Байсын елді мекенінде де жаңғыру желі соғуда. Ауылға электр, су және газ тарту үшін несие қаражаты есебінен 762,9 млн теңге бөлініп отыр. Оның ішінде 152 млн – жарыққа, 346,6 млн – ауызсуға, 264,3 млн – газдандыруға бағытталған. Бұл – жай ғана сандар емес, ауылдың жарқын келешегіне жол ашатын батыл шешімдер.
Тұрғын үйлердің келбеті көркейіп келеді
2024 жылы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын жөндеу де қолға алынды. Бұл бастама тұрғындардың тікелей ұсыныстары негізінде жүзеге аспақ. Елдің үні ескеріліп, ескі үйлер жаңғыра түскеніне бір мысал осы.
Бұл өзгерістер – ауылға деген қамқорлықтың, елге деген сенімнің белгісі. Шиелі мен оған қарасты ауылдарда қолға алынған аталмыш жобалар дамуға, болашақтың берік іргетасын қалауға зор үлес қосады.