Қостанай облысында жасөспірімдер WhatsApp аккаунттарын алаяқтарға сатқан, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Жітіқара қаласында үш жасөспірім өздерінің WhatsApp аккаунттарын алаяқтарға сатқан.
Тергеу мәліметінше, бұл аккаунттарды пайдаланған қаскөйлер Қостанай қаласының екі тұрғынын алдап, жалпы сомасы 11 миллион 950 мың теңгесін қолды қылған.
Алаяқтар жәбірленушілерге хабарласып, түрлі сылтаумен SMS арқылы келген кодты айтуды сұраған. Осы мәлімет арқылы олар банк шоттарынан ақша шешіп алған. Полиция мәліметінше, бұл — алаяқтардың кең тараған схемаларының бірі.
Қазір тергеу жүріп жатыр. Жасөспірімдердің әрекетіне құқықтық баға беріліп, ата-аналарының жауапкершілігі қарастырылмақ.
Полиция тұрғындарға балалардың интернеттегі әрекеттеріне назар аударуға және оларды онлайн алаяқтықтың салдары туралы ескертуге шақырады.