Алматыда 84 мың жазылушысы бар блогер әрі тамада Райхан Жұмамұратова әлеуметтік желіде ерекше балаларға қатысты өрескел пікір айтып, қоғамның наразылығын туғызды.
Оқиға әлеуметтік желідегі жазбадан басталды. Онда Алматыда жасөспірімнің (мүмкін, аутист болуы мүмкін, бірақ ресми диагнозы расталмаған) ойын алаңында екі жасар баланың қолын сындырғаны туралы хабар тараған. Осы жазбаның астына блогер мынадай пікір қалдырған:
«Аутист бала неге көшеде жүр? Олардың ата-анасын соттау керек, олар – хайуан! Аутизм көбейіп кетті, емделмесе – өлтіру керек. Арнайы аурухана ашу қажет. Аутист балалардың сезімі болмайды. Неге ата-аналар бұған мән бермейді? Неге оларды көшеге жібереді?»
Бұл пікір ата-аналардың ашу-ызасын туғызды. «Autism Kazakhstan» ұлттық қауымдастығына көптеген шағым түсіп, қауымдастық төрайымы Нұрия Балтабайқызы ҚР Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға ресми хат жолдады.
Хатта былай делінген:
«Instagram-дағы жеке парақшасынан блогер аутизмі бар балаларды өлтіруге шақырған жазба қалдырды. Бұл мыңдаған ата-ананың ашу-ызасын туғызды. Олар әділ жаза қолдануды талап етіп отыр. Қазіргі уақытта блогердің парақшасы өшірілген немесе атауы өзгерген болуы мүмкін. Дегенмен басқа аккаунттарында да оның жазбалары мен пікірлері сақталған».
Алматы полициясы бұл жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Қай бап бойынша тергеліп жатқаны әзірге нақты айтылған жоқ.
«Блогердің жеке басы анықталды. Заң аясында тиісті шаралар қабылданады. Әлеуметтік араздықты қоздыру, қорлау, зорлық-зомбылықты насихаттау немесе қылмысқа шақыратын кез келген әрекет үшін қылмыстық әрі әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз», – деді полиция өкілдері.
Әзірге нақты қандай шара қолданылатыны белгісіз. Ал әлеуметтік желілерде өзін «Дастан ханзаданың анасы, актер, тамада, шоумен, трейдер» деп таныстырған Райхан Жұмамұратованың Instagram-дағы парақшасы өшірілген.