Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Қазалы қаласындағы Қазалы аграрлы-техникалық колледжіне барып, колледждің оқу-өндірістік жұмыстарымен және материалдық-техникалық базасымен танысты. Колледж директоры Арман Мусаев оқу ордасының соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктерін тілге тиек етіп, мамандыққа үйрететін өндірістік сабақтарды жүргізуге арналған заманауи техникалармен таныстырды.
Қазалы аграрлы – техникалық колледжі — 70 жылдан астам тарихы бар, еліміздің индустриясы мен экономикасына жұмысшы кадрлары мен орта буын мамандарын даярлап отырған іргелі оқу орны. Бүгінде колледжде 308 білім алушы 8 мамандық және 12 біліктілік бойынша білім алуда. Оның ішінде биыл колледжге мемлекеттік тапсырыс негізінде 125 студент қабылданды.
Қазалы аграрлы-техникалық колледжі 2020 жылы республикалық «Жас маман» жобасының облыс бойынша алғашқы жеңімпазы атанды. Жоба шеңберінде республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, 2 мамандық бойынша төрт зертхана, үш шеберхана және оқу алаңы жабдықталды. Сонымен қатар, «Жас маман» жобасы аясында алғаш рет колледжге Германия, Италия мемлекеттерінен заманауи құрал-жабдықтар сатып алынды. Қазіргі таңда студенттер оқу-өндірістік шеберханаларда шетелдік құрал-жабдықтарды емін-еркін үйреніп, меңгеріп жатыр. Нәтижесінде екі мамандық бойынша құзіреттілік орталығы ашылып, жұмыс істеп тұр.
Аудан басшысы колледж жанындағы жылыжай жұмысымен де танысты. Колледжде оқитын «Жеміс және көкөніс шаруашылығы» мамандығының білім алушылары өндірістік оқыту сабақтарында жылыжайға қияр өсіріп, жылына үш мәрте жемісін алып отыр.
Аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы «Жас маман» жобасы бойынша заманға сай құрал-жабдықтармен жабдықталған колледж ұжымының жұмысына сәттілік тілеп, бәсекеге қабілетті маман даярлауда аянбай еңбек ете беруге шақырды.