Қазалы ауданының Майдакөл ауылында жаңа 100 орындық клуб ғимараты пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.
Салтанатты шарада мәслихат төрағасы өңірдегі мәдениет саласының дамуына тоқталып, жиналған қауымды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
> «Соңғы үш жылда Сыр өңірінде 19 мәдениет нысаны салынды. Оның ішінде ауылдық клубтар, «Руханият орталықтары», Отбасы және Өнер орталықтары бар. Бүгін Майдакөлде ел игілігіне беріліп отырған жаңа клуб – осы жұмыстардың жалғасы. Тәуелсіздік қарсаңындағы игі жаңалық құтты болсын», – деді М. Тлеумбетов.
Рәсім барысында ел дамуына үлес қосқан ардагерлер мен жаңа нысанды сапалы әрі мерзімінде аяқтаған мердігер компания қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Соңғы жылдары Қазалы ауданында да бірқатар маңызды жобалар жүзеге асуда. Жанқожа батыр ауылында 300 орындық жаңа мектеп, Әйтеке би кентінде Руханият орталығы, мәдени-демалыс кешені және жаңа орталық алаң пайдалануға берілді. Сонымен бірге Ақтан батыр және Абай ауылдарына табиғи газ жеткізіліп, қазір Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Түктібаев елді мекендерін газдандыру жұмыстары жалғасып келеді.
Жаңа клубтың ашылуы — ауыл мәдениетінің дамуына тың серпін беретін маңызды оқиға.
