Қазалы ауданының Әйтеке би кентінде кәсіпкер Асылан Бақытбек өз қаражаты есебінен салған жаңа қонақүйдің ашылу салтанаты өтті. Шараға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, сала басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, жаңа нысанның жұмысына сәттілік тіледі.
> «Қазалы ауданында ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр. Биыл аудан бюджеті 18,9 млрд теңге болып бекітілсе, нақтыланған бюджет 27 млрд теңгеге жетті. Президент тапсырмасымен мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 5 жоба іске асуда. Шалғай ауылдар – Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек ауыз сумен қамтамасыз етілді. Жаңадан ашылған қонақүйдің қызметі сапалы, табысы мол болсын», – деді Қ. Нұртай.
Шара барысында өңірдің дамуына үлес қосқан кәсіпкерлерге облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп құттықтау лебізін жеткізді.
Жобаға кәсіпкер 500 млн теңге жеке қаржысын бағыттаған. Заманауи талаптарға сай салынған ғимаратта ресепшн аймағы, 17 бөлме (37 орын), кездесулер мен іс-шараларға арналған конференц залы, жайлы лаундж аймағы бар.

