Астанада зейнеткерлер бір адамға 286 млн теңге жинап берген, деп хабарлайды kaztoday.kz.
Астанада бір адам «Happy Life KZ» деп аталатын қаржы пирамидасын құрып, тек зейнеткерлерді алдап ақша алып отырған.
Қаржы мониторинг агенттігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, барлығы 35 зейнеткер алданған.
Алаяқ зейнеткерлерге биологиялық белсенді қоспа сатамын деп әрі оны өзгелерге сатса, мол табысқа кенелесіздер деп олардан кемі 7500 теңге, ал ең көбі 2 млн теңге алған. Жалпы 286 млн теңге жинап алған. Зардап шеккендердің бәрі – жеңіл табыс туралы құрғақ уәдеге сеніп қалған зейнеткерлер екенін атап өту керек, деп хабарлады Қаржы мониторинг агенттігі.
Қаржы пирамидасының иесі жиналған ақшаны өз қажеттілігіне жаратқан. Сондай-ақ элиталық тұрғын үй кешенінен құны 36 млн теңге болатын пәтер сатып алған.