Қазалы – бүгінгі таңда жай ғана аудан емес, жаңару мен дамудың шынайы символына айналып келеді. Биылғы жылы бұл өңір тек жаңа нысандар салып, жолдар жөндеп, инфрақұрылымды жаңғыртып қана қойған жоқ. Қазалы үш үлкен құндылықтың – тыныштық, білім, денсаулық сынды басты тіректерін бекемдеп алды.
Саябақ – тыныштық пен бірлік мекені
Биыл есігін айқара ашқан Қазалы мәдени-демалыс кешені – тек демалыс орны емес, ол ауданның рухани тынысы. 20 гектарға жайғасқан бұл кеңістікте отбасылық демалысқа арналған аллеялар, балалар ойын алаңдары, аквапарк пен жасанды көл, спорт алаңдары мен субұрқақтар бір-бірімен үйлесім тапқан. «Ғашықтар», «Киелі қазақ елі», «Тағзым» аллеялары жүрекке ой салып, келушілерді терең ойға жетелейді. Бұл кешен Қазалы халқы үшін бірлік пен тыныштықтың символына айналды.
Мектеп – болашаққа бастар жол
Жанқожа батыр ауылында ашылған жаңа 300 орындық мектеп – білімге деген құрметтің белгісі. Сонымен қатар, бірқатар білім ордаларына күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілді. Жазғы лагерлер мен үйірмелер – балалардың дамуына жағдай жасаудағы нақты қадам. ҰБТ нәтижелері мен «Алтын белгі» иегерлерінің саны – мұғалім еңбегінің жемісі. Қазалы үшін білім – болашаққа салынған көпір.
Аурухана – амандықтың айғағы
Аудан тұрғындарының көптен күткен арманы – кардиология және инсульт орталығының құрылысы басталды. 42 орындық бұл жаңа мекеме заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуді мақсат етеді. Сонымен қатар, жаңа санитарлық автокөліктер алынып, шалғай ауылдардағы амбулаториялар халыққа есігін айқара ашты. Денсаулық – Қазалының ең басты байлығы екені осы жұмыстардан анық көрінеді.
Қазалы – бүгінде бейбіт өмір, сапалы білім, мықты денсаулық сынды құндылықтардың нақты мысалы. Жаңадан ашылған «Руханият орталығы», спорт кешендері, көпірлер, тұрғын үйлер – барлығы да халық игілігіне бағытталған. Бұл – тек құрылыс емес, болашаққа салынған жол.
Қазалы ауданында соңғы уақытта экономиканың негізгі бағыттарында қарқынды даму байқалады. Аудан әкімінің айтуынша, биыл өнеркәсіп өндірісі айтарлықтай өсіп, кәсіпкерлік саласы жаңа белестерге көтерілді. Өңдеу өнеркәсібі, шағын және орта бизнес үлесі артып, жаңадан бірнеше кәсіпкерлік нысан ашылып, тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылуда.
Ауыл шаруашылығы саласында да оң өзгерістер бар. Диқандар 17 мың гектарға жуық жерге егін егіп, күріш егісі қысқартылғанымен, әртараптандыру арқылы өнім көлемін арттырып отыр. Ауданнан Ресей, Қытай, Германия сынды елдерге 4 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды. Бұл – жергілікті өнім сапасының жоғары екенін дәлелдейді.
Құрылыс саласы да дамып келеді. Биыл 22 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 100 отбасы баспаналы болады деп жоспарлануда. Бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған Қарлан көпірінің құрылысы қайта жанданып, аудан халқы үшін маңызды әлеуметтік нысандар – спорт кешендері мен ойын алаңдары бой көтеруде.
Қазалы – дамудың даңғыл жолына түскен аудан. Экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту және инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.