«Аягөз аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 128-бабы 2-бөлігінің 2, 8-тармақтары (Адамды саудаға салу, азғырып көндіру, тасымалдау және беру, бірнеше рет, алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы) бойынша айыпталған Е.-ге қатысты қылмыстық іс қаралды. (…) Сот үкімімен Е. кінәлі деп танылып, оған орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен алты жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Абай облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Үкім заңды күшіне енді», – делінген бейсенбі күнгі хабарламада.
Сот анықтағандай, 2024–2025 жылдары Аягөз қаласының тұрғыны әлеуметтік осал, мас күйдегі адамдарды жүйелі түрде іздеп тауып, олардың сеніміне кіріп, алдап, психологиялық қысым көрсеткен. Жұмысқа орналастыруға көмектесемін деген сылтаумен оларды шаруа қожалықтарына жіберіп, алдын ала берілген еңбекақыларды өзі иемденіп отырған.
Іс материалдары бес эпизодты растайды. Соттың мәліметінше, жәбірленушілер айыпталушымен Семей қаласында вокзалдар мен базар маңында, мас күйінде танысқан және оның жұмыс табуға көмектесемін деген уәдесіне сенген. Кейбір жағдайларда ол олардың еркін жүріп-тұруын шектеп, қорқытып, психологиялық қысым көрсетіп, ішімдікке тәуелді еткен. Алдын ала келісім бойынша шаруа қожалықтарының басшылары оның жеке шотына 100 мыңнан 400 мың теңгеге дейін ақша аударып отырған.
«Е. өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін білдірді, келтірілген шығынды өтегенін және жәбірленушілермен татуласқанын мәлімдеді. Жәбірленушілер оны кешіргендерін айтып, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамауды сұрады», – деп атап өтті сот.
Сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәні толық мойындауын, өкінуін, келтірілген шығынды өтеуін, жәбірленушілермен татуласуын, сотталушының жасын, сондай-ақ «Күміс алқа» наградасының болуын ескерді. Іс бойынша ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

