10 қараша күні Екібастұз қаласындағы теміржол станциясында қайғылы оқиға тіркелді. Жүк вагонының астында қалған теміржол қызметкері қаза тапты.
Әлеуметтік желілерде тараған мәліметке сәйкес, марқұм станцияда вагондардың қозғалыс жылдамдығын реттеуші болып жұмыс істеген.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша теміржол көлігінің қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру фактісімен қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.
Тергеу барысында еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуы мен қайғылы жағдайға алып келген мән-жайларға құқықтық баға берілуі тиіс.
Оқиғаның нақты себептері тергеу қорытындысы бойынша белгілі болады.

