Қазалы ауданында елді мекендерді табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асып, өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған ірі жобалар жалғасуда. Соның айқын көрінісі – Жанқожа батыр ауылында орамішілік газ желілерін жүргізу жұмыстарының басталуы.
Айта кету керек, соңғы жылдары аудан көлемінде газдандыру қарқыны айтарлықтай күшейді. Мәселен, 2024 жылы Абай ауылы көгілдір отынға қосылса, 2025 жылы Ақтан батыр ауылының тұрғындары табиғи газ игілігін көре бастады. Ал өткен жылы Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарына магистральды газ желілері тартылып, негізгі инфрақұрылым толықтай дайындалған болатын.
Бүгінде осы елді мекендерде ішкі газ желілерін жүргізу жұмыстары ресми түрде басталып отыр. Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты шарада жоба маңыздылығы ерекше атап өтіліп, тұрғындарға құттықтау сөздер арналды.

Жиында сөз сөйлегендер мемлекет тарапынан ауылдық аумақтарды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауылды дамыту – елдің стратегиялық басымдығы екенін айқындап, инфрақұрылымды жаңғыртуды басты міндеттердің бірі ретінде белгіленгені атап өтілді.
Сыр өңірінде бұл бағыттағы жұмыстар Нұрлыбек Нәлібаев жетекшілігімен жүйелі түрде жүзеге асуда. 2026 жылға арналған жоспар аясында аталған төрт ауылда орамішілік газ желілерін салуға республикалық бюджеттен 680 млн теңге қаржы бөлініп, нақты жұмыстар басталды.
Жоба толық жүзеге асқанда Жанқожа батыр ауылындағы 280 тұрғын үй мен 9 әлеуметтік нысан табиғи газға қосылады. Нәтижесінде 1600-ге жуық тұрғын көгілдір отынның игілігін көрмек. Сонымен қатар ауылдағы кәсіпкерлік нысандар да газбен қамтылып, экономикалық белсенділікке серпін бермек.
Жалпы, жыл соңына дейін Қазалы ауданындағы елді мекендерді газбен қамту көрсеткішін 78,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Салтанатты шара барысында «Құрмет» орденінің иегері, облыстық мәслихат депутаты Ибайдулла Тілеп пен ауданның Құрметті азаматы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Берік Бисембаев сөз сөйлеп, тұрғындарды көптен күткен игілікті жаңалықпен құттықтады.
Шара соңында ауыл ақсақалы Қожас Медеубай ақ батасын беріп, басталған істің берекелі болуына тілектестік білдірді. Жиналған жұрт жаңа бастаманың куәсі болып, ауылдың болашағына сеніммен қарады.
Инфрақұрылымның жақсаруы – ауыл өмірінің сапасын арттырумен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да тың серпін беретіні сөзсіз.
