Тараз қаласында орын алған оқыс оқиға қоғамды алаңдатты. Оныншы сыныпта оқитын 15 жастағы жасөспірім мектеп ішіндегі жанжалдан кейін ауыр жарақат алып, бір көзінен айырылды.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, оны тоғызыншы сынып оқушылары мектептің киім ауыстыратын бөлмесіне шақырған. Әңгіме барысында туындаған кикілжің арты төбелеске ұласқан. Куәгерлердің айтуынша, жасөспірімді негізінен бас тұсынан соққыға жыққан. Оның жанындағы досы араша түсуге тырысқанымен, оған мүмкіндік берілмеген.
Жарақат алған оқушы оқиға орнынан өздігінен шыға алған. Алайда кейін ауруханаға жеткізіліп, шұғыл ота жасалғанымен, дәрігерлер оның көзін сақтап қала алмады. Жәбірленуші оқиғаның мән-жайын толық есіне түсіре алмағанымен, күдіктілердің қолында темір зат болуы мүмкін екенін айтқан.
Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Іс ауыр дене жарақатын келтіру бабы бойынша тергеліп жатыр. Қазіргі уақытта бір күдікті ұсталып, оған қатысты бұлтартпау шарасы қарастырылуда.
Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

