Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алып, кәсібін бастаған азаматтардың жұмыстарымен танысты.
Аудан басшысы алдымен 2024 жылы бағдарлама аясында несие алып, кәсібін бастаған жеке кәсіпкер Абзал Сағидуллаевтың темір жону цехымен танысты. Жеке кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 9,2 млн. теңге несие алып, бүгінде арнайы тапсырыс арқылы техникаларға қажетті темір бөлшектерді жөндеу, темірді кесу, жону, тозығы жеткен темір бұйымдарын қайта қалпына келтіру сынды жұмыстармен айналысуда. Қазіргі таңда кәсіпкердің бұл жұмысының сұранысы жоғары болғандықтан ауданымыздан бөлек көршілес аудандардан да техникалардың бөлшектерін жөндетуге келушілерде бар дейді жеке кәсіпкер.

Мұнан кейін Мейрамбек Кеулімжаевтың жылыжай кәсібімен танысты. 2025 жылы бағдарлама аясында 9,3 млн. теңге несие алып кәсіп бастаған азамат жылыжайда қияр өсірумен айналысуда. Кәсіпкердің айтуынша жылыжай мамыр айының алғашқы онкүндігінде өнім бермек. Мұнда қазір 1000-нан астам қияр егілген. Алдағы уақытта кәсіпкер өнім көлемін көбейтіп, кәсібін әрі қарай жандандыруды жоспарлап отыр.
Жеке кәсіпкер Асқар Қожаназаровта аудан орталығынан «Автокөліктерге қызмет көрсету орталығы» ашу мақсатында бағдарлама аясында 8,1 млн теңге несие алып, биылдан бастап өз кәсібін бастап отыр. Әзірге 1 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер, аудан басшысына орталықтың жұмысы жайында түсіндіріп өтті. Мұнда көлік жөндеу, май ауыстыру және автокөліктің барлық электр және электрондық жүйелерін жөндеу қызметтері көрсетілуде.
Әйтеке би кентіндегі Ауыл аманаты бағдарламасы аясында кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтардың бірі – Нұрқанат Әбілдаев. Кәсіпкер 2024 жылы 7,0 млн теңге несие алып, қаңылтыр бұйымдарын жасау цехын ашқан. Қазіргі таңда кәсіп иесі қаңылтырдан түрлі бұйымдар, оның ішінде бүгінде көп сұранысқа ие газ мұржасын жасаумен айналысып келеді. Кәсіпкер 1 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Аудан әкімі кәсіпкерлермен кездесу барысында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, тұрғындардың өз кәсібін ашуға деген белсенділігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ елімізде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Ауыл аманаты» бағдарламасының басты мақсаты –тұрғындардың табысын арттырып, кәсіпкерлікке бейімді азаматтарға нақты қолдау көрсету екенін айтты. Өңірімізде аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен аталған бағдарлама аясында кәсібін бастап, әрі қарайда кәсібін кеңейтуге ниетті азаматтарға қажетті қолдау көрсетіліп жатқандығын жеткізді.
Кәсіп иелеріне өнім сапасын арттырып, кәсібін одан әрі кеңейту қажеттігін айтып, жергілікті жерден өнім шығарып, жаңа жұмыс орындарын ашуға шақырды. Өз кезегінде кәсіпкерлер мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта кәсібін кеңейту бойынша жоспарларымен бөлісті.
Айта кету керек, 2023 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Ауыл аманаты» бағдарламасын қаржыландыру басталғалы бері аудан бойынша 170-тен астам азамат өз ісін бастап, аудан экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосып келеді.
Аудан әкімі Әйтеке би кентіндегі «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобалардан кейін Қазалы қаласындағы жеке кәсіпкер Нұрбек Кешубаевтың жылыжай жұмысымен танысты. Бұған дейін мемлекеттік бағдарламалар аясында бірнеше рет несиелер алған кәсіпкер 2011 жылдан бері жылыжай кәсібімен айналысып келеді. Қазіргі таңда жеке кәсіпкердің жылыжайында гүл көшеттерінің 8 түрі және қияр, қызанақ, қызыл бұрыш, орамжапырақ және басқа да көкөністердің көшеттері отырғызылған. Мұндағы өсірілетін гүлдер мен көкөністердің көшеттері аудан тұрғындарымен қатар көршілес аудандардың да тұрғындардың сұранысына ие.
