Қазақстан Үкіметі елге заңсыз жолмен әкелінетін автокөліктерге қатысты талаптарды күшейтпек. Премьер-министр Олжас Бектенов Қаржы министрлігі мен тиісті мемлекеттік органдарға «сұр импорттың» алдын алуға бағытталған кешенді шараларды 10 күн ішінде әзірлеуді тапсырды. Жаңа тәсілдер 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі деп жоспарланып отыр.

Қолданыстағы талаптарға сәйкес, жеке тұлғалар бір жыл ішінде тек бір автокөлікті жеке пайдалану үшін жеңілдетілген тәртіппен әкеле алады. Бір жылдан ішінде бірнеше көлік әкелу кәсіпкерлік қызмет ретінде қарастырылып, тиісті салықтар мен кедендік төлемдер төленуі тиіс.
Сондай-ақ, көлік міндетті түрде техникалық талаптарға сәйкестігін растайтын көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлікпен (СБКТС) рәсімделуі қажет. Жеке тұлғалар үшін кедендік баж салығы көліктің қозғалтқыш көлемі мен шығарылған жылына қарай 48%-дан 54%-ға дейін белгіленген.
Ал заңды тұлғалар автокөлік импорттаған кезде 15% көлемінде кедендік баж салығын және 16% мөлшеріндегі қосылған құн салығын төлейді.
Мамандардың айтуынша, бейресми дилерлер арқылы әкелінетін кейбір көліктердің басқа елдерде кепілде болуы немесе іздеуде жүруі секілді тәуекелдер бар. Мұндай жағдайлар көбіне көлікті қайта сату кезінде анықталып, тұтынушылардың шығынға ұшырауына себеп болады.
Үкімет «сұр импортпен» күресті күшейтумен қатар, отандық автокөлік өндірісін дамытуға да басымдық бермек.

