Шығыс Қазақстанда 22 жастағы жігіт сүйіктісінің өтінішін орындағаннан кейін қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Іс материалдарына сәйкес, бойжеткен жігіттен анасына тиесілі алтын алқаны ломбардқа өткізуді сұраған. Ол сүйіктісінің сөзіне сеніп, зергерлік бұйымды кепілге тапсырған.
Алайда алтын алқаның ломбардқа өткізілгенін білген әйел полицияға жүгінген. Осыдан кейін жас жігітке қатысты қылмыстық іс қозғалып, іс сотқа жеткен.
Сот 22 жастағы азаматты кінәлі деп танып, оған бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Үкім күшіне енген соң ол пробация қызметінің есебіне қойылып, екі ай бойы бақылауда болған.
Кейін рақымшылық туралы заңның күшіне енуіне байланысты жігіт жазадан босатылды.
Бостандыққа шыққан азамат болған жағдайдың өзіне үлкен сабақ болғанын айтты. Оның сөзінше, сүйіктісіне деген сенімі ақырында соттылыққа әкелген. Ал осы оқиғадан кейін қыз онымен қарым-қатынасын үзген.
Жігіт сүйген адамына күмәнсіз сенгенін, алайда соның салдарынан сотталушы атанып, өмірінде күтпеген қиындыққа тап болғанын жеткізді.

