Қарағанды облысында пойыз төрт теміржолшыны қағып кетті: сот үкімі шықты.
Қарағанды облысындағы Шешенқара – Қаражыңғыл теміржол аралығында төрт жұмысшының қаза болуына қатысты іс бойынша сот үкімі шықты. Пойыз диспетчері бес жылға бас бостандығынан айырылып, тағы екі қызметкерге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 10 желтоқсанда болған. Теміржолшылар бригадасы жолды жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде оларды жүк пойызы қағып кеткен. Салдарынан төрт жұмысшы қаза тауып, тағы екеуі жарақат алған.
Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, жөндеу жұмыстары теміржол аралығын қозғалысқа жаппай және қажетті қауіпсіздік шараларын толық қамтамасыз етпей жүргізілген.
Сонымен қатар жүк пойызының машинисіне жолда адамдар жұмыс істеп жатқаны туралы дер кезінде ескертілмеген. Машинист адамдарды байқаған соң шұғыл тежегішті қолданғанымен, пойызды уақытында тоқтату мүмкін болмаған.
Сот үкімімен пойыз диспетчері бес жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Сарышаған жол дистанциясының екі қызметкеріне үш жыл алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Үш сотталушыға да теміржол қозғалысының қауіпсіздігіне байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
