Ақтауда өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтардан миллиондаған теңге талап еткен ерлі-зайыптыға сот үкімі шықты.
Маңғыстау облысы прокуратурасының мәліметінше, сотталғандар интимдік қызмет көрсететін адамның клиенттері туралы ақпаратты қорқыту және күш қолданамын деп қоқан-лоқы жасау арқылы қолға түсірген.
Кейін осы мәліметтерді пайдаланып, өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар жәбірленушілерден 3 миллион теңге талап еткен.
Қылмыстық іс сотта қаралып, мемлекеттік айыптаушы ұсынған дәлелдемелер сотталушылардың кінәсін анықтауға жеткілікті деп танылды.
2026 жылғы 25 қыркүйектегі сот үкімімен ерлі-зайыпты Қылмыстық кодекстің 194-бабы «Қорқытып алу» бойынша кінәлі деп танылды.
Нәтижесінде А. есімді сотталушы 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ал Р. есімді сотталушыға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, оны өтеу бір жылға кейінге қалдырылды.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Маңғыстау облысының прокуратурасы азаматтарға қорқыту, бопсалау немесе заңсыз ақша талап ету жағдайларына тап болғанда, дереу «102» нөміріне хабарласуды ескертеді.
Дереккөз: Маңғыстау облысының прокуратурасы.
