Қызылордалық тұрғын сатып алған құрттың ішінен жәндік шыққан, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Қызылордалық тұрғын дүкеннен сатып алған құрттың ішінен шыбын шыққанын айтып әлеуметтік желіде шағымданды.
Мынау не масқара! Кішкентай балама алып беріп едім. Құзырлы органдар, СЭС деген жұмыс жасай ма осы? Өлген шыбын ол — бір. Жарамдылық мерзімі 6 айды көрсеткенімен, шығарған күні — 26.10.2024, түрі сарғайып кеткен. Сапа, тазалық тексерілмейді ме? Бір күні тамақтан уланып, ұшынып өлмесек болар еді, делінген жазбада.
Аталмыш оқиғаға орай Қызылорда облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жауап берді. Заңға сәйкес, басқармаға дәлелдемелерімен арыз түскен жағдайда жоспардан тыс тексеру болатыны түсіндірілген.
ҚР Кәсіпкерлік Кодексінің 2015 жылғы 29 қазандағы № 375-V ҚРЗ (бұдан әрі қарай – Кодекс) 144 бабы. 7 бөлігіне сәйкес, нақты бақылау мен қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты анықталған және осы жоспардан тыс тексеруді тағайындауға негіз болған фактілер мен мән-жайлар жоспардан тыс тексеруге жатады.
Кодекстің 144 бабы. 5 бөлігі. 3 тармақшасында, сенімді негіздер және растайтын дәлелдемелер болған кезде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар бойынша жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) жоспардан тыс тексеруге негіз болып табылады.
Жоғарыдағылар негізінде, Басқармаға сенімді негіздер және растайтын дәлелдемелермен қоса арыз түскен жағдайда жоспардан тыс тексеру жүргізуге мүмкіндік болатындығын хабарлайды, деп мәлімдеді Қызылорда облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.