Маңғыстау облысында пойыз адамды қағып кетті, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
28 ақпан 2025 жылы сағат 21:46-да Бораңқұл станциясында пойыз жолда жүрген адамды қағып кетті. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, оқиға зардап шеккен адамның қауіпсіздік ережелерін бұзып, теміржолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтуі салдарынан орын алған.
Жәбірленуші Бейнеу станциясындағы аудандық ауруханаға жеткізілді. Оқиға туралы ақпарат Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөліміне берілді, – деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі KazTAG агенттігіне.
Ұлттық компания өкілдері теміржолдың аса қауіпті аймақ екенін еске салып, қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
«2024 жылы елімізде пойыздың адамдарды басып кетуінің 75 оқиғасы тіркелген. Олардың негізгі себептері – теміржолды белгіленбеген жерден өту, мас күйде болу, құлаққап тағу және суицидтік әрекеттер.
Пойыздардың қозғалыс аумағында жүргенде азаматтар қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы қажет:
- Теміржолды тек арнайы жабдықталған жерлерден кесіп өту,
- Аса мұқият болу,
- Құлаққап пен гаджеттерді пайдаланбау,
- Пойыз қозғалысына назар аудару.
Қауіпсіздік ережелерін сақтау қайғылы оқиғалардың алдын алуға көмектеседі», – деп ескертті «Қазақстан темір жолы» компаниясы.

