Қызылорда облысында Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға арналған кеңейтілген жиын өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев төрағалық етті. Жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері, басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері, зиялы қауым, жастар және онлайн байланыс арқылы қала мен аудан әкімдері қатысты.
Аймақ басшысы Жолдауда айтылған жеті негізгі бағыт бойынша нақты тапсырмалар берді.
Цифрландыру – жаңа кезеңнің өзегі
Әкімнің айтуынша, Президент атап өткен басты басымдықтардың бірі – цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту. Бұл технологияларды кеңінен енгізу арқылы ел экономикасын жаңғыртып, әлеуметтік-экономикалық дамуға тың серпін берілмек. Алдағы үш жылда Қазақстанды толыққанды «цифрлық мемлекетке» айналдыру межесі белгіленді.
Инвестиция – өңір дамуының тірегі
Инвестиция тарту тек кәсіпкерлік басқармасының жұмысы болып қалмай, барлық салаға ортақ міндет болуы тиіс. Әр аудан, әр басқарма өз бағытында шетелдік және отандық инвесторларды тартып, жаңа жобаларды іске асыруға күш салуы қажет. Әсіресе, арнайы экономикалық аймақтарда қолайлы жағдай жасалып, басталған жобалар күнделікті бақылауда болуы тиіс.
Ауыл шаруашылығы және су мәселесі
2025–2027 жылдарға арналған агроөнеркәсіп жол картасындағы жобалардың уақытылы жүзеге асуына ерекше назар аударылды. Ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жоспары толық орындалуы керек. Сонымен бірге, су ресурстарының бірыңғай платформасын құрып, су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану тапсырылды.
Жол және құрылыс саласы
Облыс аумағында жоспарланған жол құрылыстары уақытылы басталып, «Е-Құрылыс» ақпараттық жүйесі арқылы ашық жүргізілуі қажет. Бұл құрылыс сапасын бақылауға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік қолдау мен шағын кәсіпкерлік
Жиында әлеуметтік көмекті тек шынымен мұқтаж жандарға бағыттау қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, ірі кәсіпорындар айналасында шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, жаңа жобаларды түрлі қаржы институттары арқылы сүйемелдеу – маңызды міндеттердің бірі екені атап өтілді.
Қоғамдық пікір
Кеңесте сенатор, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Мұрат Бақтиярұлы жастардың отаншылдығын жаңа мазмұнда қалыптастыру жайында ой қозғады. Облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев өңірге инвестиция тарту бағытында атқарылатын жұмыстарды баяндаса, Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтанбек Тәуіпбаев су мәселесіне тоқталды.
«Абзал и К» компаниясының өкілі Сағидулла Сыздықов агроөнеркәсіпті цифрландыру мен өнімді терең өңдеу жайында сөз қозғады. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің уақытша ректоры Майнұр Бөрібаева жасанды интеллектіні дамыту жоспарын таныстырды. Ал «Қоғам ТВ» арнасының құрылтайшысы, жазушы-журналист Шакизада Әбдікәрімов жастардың рухани тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселесін ортаға салды.